Қазақстанда егіс алқаптарының 40%-ы егілді
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы астық өнімінің шамамен 70%-ын құрайтын егіс алқаптарының 40%-ы егілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірлерге барып, фермерлердің тұқыммен және дизель отынымен қамтамасыз етілуін тексерді.
АШМ деректері бойынша, бірқатар өңірлерде сұраныс жоғары болған кезде жеңілдікті дизель отынының әлсіз тиелуі байқалады: 241,4 мың тонна немесе 64% жөнелтілді. Осыған байланысты Айдарбек Сапаров облыс әкімдіктеріне кестеге сәйкес ЖЖМ жөнелтуді қысқа мерзімде қамтамасыз етуді тапсырды.
«15 мамырдан бастап өзгертілген ережелер қолданылады (жеңілдетілген дизель отынын алу): көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бөлек өтінім берудің орнына бірыңғай өтінім бар. Бұл дизель отынына квота алу процедурасын жеңілдетеді. Өтінім беру мерзімі 20 күннен 30 күнге дейін ұлғайтылды, отын шығынының бірыңғай негізгі нормативтері алынып тасталды, енді нормативтер өңірлердің топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленетін болады», - деді министр.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Ережеге жеңілдетілген дизель отынының қалдықтарын пайдалануға болатын агротехникалық жұмыстардың қосымша түрлері бойынша нормалар енгізілген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз АӨК жалпы көлемін екі есеге арттыру үшін барлық жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мен, ең алдымен, ағымдағы жылдың егіс және егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге көлемінде жеңілдікті несиелер туралы айтып отырмын. Қаржыландыру үш еседен астам ұлғайды», - деді Айдарбек Сапаров.
Ол жеңілдікті қаржыландыру 5% мөлшерлемемен қол жетімді екенін, несиені 12 айға алуға болатынын еске салды, бұл фермерден күзде қарызды қайтару міндеттемесін алып тастайды, бұрын ол үшін асығыс және қолайсыз бағамен егінді сату керек болған. Сондай-ақ, «Даму» қорынан кепілдеме алуға болады, бұл аграрийлерде кепіл тапшылығы мәселесін шешеді.
Министр тыңайтқыштарды, тұқымдарды, техниканы субсидиялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру бөлігінде басқа да қолдау шараларын атап өтті. Ауыл шаруашылығы өндірушілері арзандатылған несиелер мен субсидиялар алады, сондай-ақ технологияларды сақтау, сапалы тұқымдарды, тыңайтқыштарды пайдалану арқылы өнімділікті арттыруға ұмтылуы тиіс.
«Импорттық астық ішкі нарыққа қысым жасайды және біздің дәстүрлі өткізу нарықтарымызды алады, өйткені көршілердің өнімділігі гектардан 20-25 ц жоғары, өзіндік құны төмен, ал қазақстандық өнім бағасы бойынша бәсекеге қабілетсіз. Біз АӨК өнімділігін арттыру үшін жұмыс істеуіміз керек», - деді Сапаров.