Қостанайда астықты терең өңдеуге 50 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады
Қостанайда қытай тарапының қатысуымен қуаттылығы тәулігіне 1200 тонна астықты терең өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Бұл туралы журналистерге KazFoodProducts холдингінің бас директоры Әлихан Талғатбек хабарлады.
“Біз қазірдің өзінде қытай тарапымен, мемлекеттік органдармен инвестициялық жобаны іске асыру бойынша - Қостанай қаласында астықты терең өңдеу зауытын салу туралы Меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл үлкен кәсіпорын, 50 млрд теңгеден астам инвестиция, 60 га жер, тәулігіне 1200 тоннадан астам астық өңдеу", - деді Әлихан Талғатбек.
Оның айтуынша, кәсіпорында биоинженерия технологиялары мен заманауи жабдықтар пайдаланылатын болады.
"Бұл кәсіпорында бірегей өнімдер шығарылатын болады, атап айтқанда, лизин – бұл бүгінгі күні Қазақстан жүз пайыз импорттайтын аминқышқылдары, олар Қазақстанда өндірілмейді. Ал бұл құрама жем құрамында жануарларды азықтандыру үшін таптырмас амин қышқылы", - деді KazFoodProducts бас директоры.
Бұған дейін ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров хабарлағандай, Қостанайда астықты терең өңдеу жобасын қазақстандық Qostanai Grain Industry компаниясы жүзеге асыруда.