Қазақстан астық пен ұн экспортын бұрынғы нарыққа шығаратын болады
Биыл астық пен ұнның экспорттық әлеуеті шамамен 8 млн тонна көлемінде болатындығы анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
«Ағымдағы жылдың экспорттық стратегиясы өткен жылғыдан өзгеше болмайды және бұрынғы нарықтарға шығарылады, олар: Орта Азия елдері - Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, сондай-ақ Ауғанстан мен Иран басым позицияларының сақталуымен сипатталады. 2020-2021 жылдарға арналған экспорттық әлеует ұнды есептегенде шамамен 7,5 - 8 млн тоннаны құрайды», - деді С.Омаров.
Сондай-ақ, ол 17,9 млн тонна көлемінде астық өндірісінің болжамды көлемі ҚР ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ағымдағы жылы Азық-түлік келісім шарт корпорациясы форвардтық сатып алу әдісімен өз ресурстарына 517 мың тонна көлемінде астық жеткізуді жүзеге асырды. Бұл ретте Азық-түлік келісім шарт корпорациясында 456,4 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар.
«Жиналған астық көлемі қажет болған жағдайда тұрақтандыру және азық - түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жұмсалатын болады», - деп атап өтті АШМ басшысы.
Ол сондай - ақ республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы 27,5 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында - 12 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде-15,5 млн тоннаны құрайтынын атап өтті. Сақтау қуаттылығының көрсетілген көлемі өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескере отырып, болжамды өнімді сақтау үшін жеткілікті.
Бұған дейін Өзбекстанның өндірушілері Қазақстандық қнды қолдан жасап , қазақстандық өндірушілерді нарықтан ығыстыра отырып, контрафактілік ұн шығарумен жаппай айналысатыны хабарланған болатын.