18 ноября 2024 Астық

Азық-түлік корпорациясы бидайды 75 мың теңгеден сатып алуды бастайды

Азық-түлік корпорациясы 18 қарашада бидай мен арпаны тікелей сатып алу бағасын жариялады. Сатып алуға барлығы 10 млрд теңге бағытталады.

Келесі алдын ала бағалар белгіленді:

  • 3-сыныпты бидай (27%+ желімшесі) – ҚҚС-пен 90 000 теңге;
  • 3-сыныпты бидай (25%+ желімшесі) – ҚҚС-пен 80 000 теңге;
  • 3-сыныпты бидай (23%+ желімшесі) – ҚҚС-пен 75 000 теңге;
  • 4-сыныпты бидай (21%+ желімшесі) – ҚҚС-пен 65 000 теңге;
  • 4-сыныпты бидай (18%+ желімшесі) – ҚҚС-пен 55 000 теңге;
  • 5-сыныпты бидай (18%+ желімшесі) – ҚҚС-пен 50 000 теңге;
  • 2-сыныпты арпа (натурасы 630 г/л) – ҚҚС-пен 50 000 теңге.

Азық-түлік корпорациясы, ең алдымен, астықты сатып алу шағын шаруа қожалықтарынан өнімді әділ бағамен өткізуді қамтамасыз ету үшін жүргізілетінін атап өтті. Бұл ретте көптеген фермерлік шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету үшін бір агроөнеркәсіп кешенінен сатып алудың жиынтық көлемін шектеу жоспарлануда.

Барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында фермерлердің өтінімдерін қарау облыстардың Үйлестіру кеңестерінің қатысуымен жүргізілетін болады.

Азық-түлік корпорациясының ақшалай қаражатын бөлгеннен кейін фермерлер астық жеткізгені үшін төлем ала алады. Қазіргі уақытта астық операторының ақша алуына қаржы-экономикалық негіздемені мақұлдау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Тікелей сатып алу бағдарламасына қатысуға өтінімдерді Азық-түлік корпорациясының өңірлік өкілдіктері қабылдайды. Астықты қабылдаумен оператор айқындаған лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары айналысады.

Тікелей сатып алу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен аптада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын айта кетейік. Сейсенбі, 19 қарашада осы және басқа да тапсырмалардың орындалуы Үкімет отырысында қаралатын болады.