Кеше Астық

Қазақстан Тәжікстанға астық экспортын ұлғайтуды ұсынды

Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылды және АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамытуды ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Тәжікстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттіктің директоры Нурмахмад Ахмадзода талқылады. Келіссөздердің басты тақырыбы астық экспортын ұлғайту мәселесі болды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тәжікстан қазақстандық астық үшін дәстүрлі өткізу нарығы болып табылады. ҚТЖ деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстан онда шамамен 1,3 млн тонна астық, оның ішінде 633 мың тонна жаңа өнімнің астығын экспорттады. Жаңа өнім экспортының өсімі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57% құрады.

«Біз қарқынды арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуымыз керек. Сондай-ақ, біз ұнды жеткізуді реттеуді ұсынамыз. Біз ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ, тәжік тарапын өкілдерін қант, өсімдік майы, ет жеткізу көлемін ұлғайту мәселелері қызықтырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Айдарбек Сапаров аталған бастамаларды іске асыру сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндіктер ашатынын және Орталық Азия өңірінің азық-түлік тұрақтылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.