Иран қазақстандық астық импортын 3 млн тоннаға дейін ұлғайтқысы келеді
Қазақстан 2024 жылы Иранға 500 мың тоннаға жуық астық экспорттап, өткен жылға жеткізілімді 30 есеге арттырды. Ирандық Fawakeh Trading Company инвестициялық компаниясының директоры Хассан Хейдаринассаб ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен кездесуде Қазақстаннан импортты одан әрі арттыруға мүдделі екенін мәлімдеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы атап өткендей, жеткізілім көлемі соңғы бірнеше жылда алғаш рет 500 мың тоннаға жетті.
«Біз Иран бизнесіне жан-жақты қолдау көрсетуге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз», - деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Хассан Хейдаринассаб жыл сайын астық импортын 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті.
АШМ мәліметтері бойынша, Азық-түлік корпорациясы ирандық инвесторлардың серіктесі бола алады. Мемлекеттік астық операторы бидай, арпа, зығыр, рапс, жасымық, бұршақ, сондай-ақ оларды қайта өңдеу өнімдерін қоса алғанда, қазақстандық агроөнімдердің кең желісін жеткізуді ұйымдастыру бойынша барлық мүмкіндіктерге ие. Азық-түлік корпорациясы сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін шетелге жіберу үшін жеке агроөндірушілерді тартуда үлкен тәжірибеге ие және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға дайын.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар АӨК саласындағы өзара тиімді сауда ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөнінде бірлескен ұсыныстар әзірлеуге келісті.
Иран қазақстандық астық, арпа және бидайды өткізудің дәстүрлі нарығы болып табылады. Сондай-ақ, күнжара, жүгері, қой еті жеткізіледі. Иран Қазақстанға негізінен құрма, інжір, авокадо, ананас, жаңғақ, минералды су мен көкөністерді жеткізеді.