11:29 Астық

Азық-түлік корпорациясы бидай экспорттаушыларынан субсидияларға өтінімдер қабылдауды бастады

Азық-түлік корпорациясы бидайды шетелге экспорттау шығындарын өтеуге экспорттаушылардан өтінімдерді қабылдап жатқанын хабарлады. Қазақстан аумағынан астық сататын жеткізушілерге көлік субсидиялары төленеді, деп хабарлады корпорацияның баспасөз қызметі.

Шығындарды ішінара өтеу экспорттаушыларға астықты келесі бағыттар бойынша тасымалдағаны үшін беріледі:

  • Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттары бағытында Ресей Федерациясының аумағы арқылы транзитпен тоннасына 20 мың теңге мөлшерінде;
  • Балтық теңізі порттары бағытында Ресей Федерациясының, Латвия Республикасының, Литва Республикасының және Эстония Республикасының аумағы арқылы транзитпен тоннасына 30 мың теңге мөлшерінде;
  • Латвия Республикасына, Литва Республикасына және Эстония Республикасына Ресей Федерациясының аумағы арқылы транзитпен тоннасына 20 мың теңге мөлшерінде;
  • Қара теңіз порттары бағытында Әзірбайжан Республикасы мен Грузия аумағы арқылы транзитпен тоннасына 30 мың теңге мөлшерінде;
  • Ауғанстан Ислам Әмірлігіне Түрікменстан аумағы арқылы транзитпен тоннасына 20 мың теңге мөлшерінде;
  • Иран Ислам Республикасына Түркіменстан арқылы транзитпен тоннасына 20 мың теңге мөлшерінде;
  • Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында Қытай Халық Республикасының аумағы арқылы транзитпен тоннасына 30 мың теңге мөлшерінде.

Астықты тасымалдауға байланысты шығыстардың құнын төмендетуге арналған субсидияларды төлеу Қағидаларына сәйкес өтінішке растайтын құжаттардың толық жинағы қоса берілуі тиіс. Астық жеткізушілерден өтінімдер мен құжаттар mail@fcc.kz электрондық пошта арқылы PDF және Excel форматында қабылданады.

Азық-түлік корпорациясы субсидияларды төлеу Қағидаларының күші 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жасалған тасымалдарға қолданылатынын еске салды.