Қазақстандағы элеваторлар 11 млн тонна астықты қабылдауға дайын
Қазақстанда 2025 жылғы егінді қабылдау үшін элеваторлық қуаттарды босату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Іс-шаралар жиналған астықтың сақталуын қамтамасыз етуге және оны сақтауды үздіксіз ұйымдастыруға бағытталған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімдіктерінің мәліметінше, астықты сақтаудың жалпы қуаттылығы 30,9 млн тоннаны құрайды, оның 13,5 млн тоннасы жұмыс істеп тұрған лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында, 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы өндірушілерінде.
Qoldau.kz ақпараттық жүйенің деректеріне сәйкес лицензияланған астық қоймаларының жүктемесі 2,3 млн тоннаны (17%) құрайды, бұл ретте бос көлемі - 11 млн тоннаға жуық. Бұл қуаттар өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жаңа егін жинау үшін жеткілікті.
ҚР АШМ элеваторларды босату бойынша ахуалға мониторинг жүргізуді жалғастыруда, деп атап өтті ведомствода.