12:14 Астық

Үкімет астықты кептіру үшін қосымша отын бөледі

Ұзақ жауын-шашын және температураның болжамды төмендеуі егін жинауды қиындатып, астық сапасына теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, солтүстік өңірлердің фермерлерінен астықты кептіру үшін қосымша отын көлеміне өтінімдер келіп түсуде. Осыған байланысты премьер-министр Олжас Бектенов егін жинау жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.

Үкімет басшысының мәліметінше, Е-Өтініш жүйесіне ауа-райының қауіп-қатері мен астық сапасына байланысты 500-ге жуық өтініш келіп түскен.

«Ең көп саны Қостанай облысының фермерлерінен түсті – 300-ден астам өтініш (60%). Олар кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты мәселелерге шағымданады. Облыс фермерлері кептіру жабдығын газбен жабдықтау жүйесіне қоса алмайды. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет», - деді Олжас Бектенов.

Ол әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, мәлімделген қажеттілікке сәйкес астықты кептіру үшін сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді қосымша қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жалпы, барлық солтүстік өңірлерде астықты кептіру процесіне ерекше назар аударуды тапсырамын. Ауа-райының нашарлауы егін жинау қарқынына, егіннің сапасы мен көлеміне әсер етпеуі керек. Экология министрлігі ауа райы болжамы бойынша аграрийлерді күн сайын хабардар етуді қамтамасыз етсін», - деп атап өтті премьер-министр.

Ол сондай-ақ егістіктен межелі пункттерге дейін егінді тасымалдау жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс екенін атап өтіп, көлікке қолжетімділікке қатысты тапсырмалар берді. Ол үшін қажетті вагондар паркін пайдалану, логистиканың барлық кезеңдеріндегі тұрып қалу мен кідірістерді болдырмау қажет.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, астықты элеваторларда уақтылы қабылдауды және кептіруді қамтамасыз етуі тиіс.

«Егінді, оның ішінде жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау жөніндегі қызметтерге бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейді. Бұл жұмысқа қажет болған жағдайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тартылсын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Көлік министрлігіне ҚТЖ компаниясымен бірлесіп егін жинау үшін астық таситын вагондар мен жүк көліктерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз ету тапсырылды. Егін жинау және тасымалдау кестелерін синхрондау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен нақты үйлестіруді орнату қажет.