Қазақстанда астықты терең өңдеудің үш жобасы іске қосылады
2028 жылға дейін Қазақстанда астықты терең өңдеуді дамытуға бағытталған үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соның ішінде, Жамбыл облысында Fufeng Group Company Limited компаниясы жылына 1 млн тонна жүгері өңдеу, крахмал мен аминқышқылдарын өндіру жобасын жүзеге асыруды, Ақмола облысында Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. жылына 1 млн тонна бидайды өңдеуді, глутамин қышқылын, лизинді, треонинді, полилактикалық қышқылды және биопластиканы өндіруді, Қостанай облысында CITIC CONSTRUCTION CO. LTD жылына 1 млн тоннаға дейін астық өңдеуді (кезең-кезеңімен), фруктоза, глютен, лимон қышқылы, лизин және басқа да заттарды өндіруді жоспарлап отыр.
«Бұл жобаларды іске асыру Қазақстанға терең өңдеу өнімдерінің желісін едәуір кеңейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ведомствода.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі уақытта Қазақстанда дәнді дақылдарды терең өңдейтін үш кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатқанын еске салды. Олардың қатарында Жетісу облысындағы Жаркент крахмал-сірне зауыты бар, ол жылына 150 мың тоннаға дейін жүгері өңдейді және крахмал, меласса, глюкоза-фруктоза сиропы мен жемшөп өндіреді, Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» - жылына 60 мың тонна жүгеріні өңдейді, крахмал, сірне және крахмал сироптарын өндіреді, Солтүстік-Қазақстан облысындағы «Биооперейшн» жылына 300 мың тонна бидай өңдейді, крахмал, глютен, биоэтанол және мал азығын шығарады.
«Саланы ынталандыру үшін салықтық және қаржылық жеңілдіктер көзделген: ҚҚС-ты 70%-ға төмендету; кәсіпорындарды құру және кеңейту кезінде инвесторларға шығындарды 50%-ға дейін өтеу; негізгі және айналым қаражатына несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді арзандату; айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру», - деп атап өтті баспасөз қызметі.