08:00 Астық

Қазақстандық сыра қайнатушылар арпамен байланысты қиындықтарға тап болуда

Қазақстанда сыра қайнататын арпа өсірудің дәстүрлі аймағы Шығыс Қазақстан болып табылады. Бұл климаттық ерекшеліктерге байланысты. Әдетте ШҚО-да жазда жауын-шашын мол түседі. Соның салдарынан құрамында ақуызы жоғары дән қалыптаспайды. Сыра қайнату технологиясының талаптарына сәйкес, арпадағы ақуыз мөлшері 12%-дан аспауы керек. Ал оңтайлы көрсеткіш – 9–11,5%.

Алайда биылғы маусымда Шығыс Қазақстанда жауын-шашын әдеттегі мөлшерден әлдеқайда аз болды. Сонымен қатар ауа температурасы жоғары болды. Мұның салдарынан өңірде өсірілген арпаның құрамындағы ақуыз мөлшері тым жоғары болып шықты.

Бұл туралы Aitas Agro компаниясының бас директоры Талғат Алдажаров ElDala.kz порталына берген сұхбатында айтты. Компания құрамында төрт шаруашылық бар: үшеуі Шығыс Қазақстан облысында, біреуі Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан.

Шығыс Қазақстандағы шаруашылықтар сыра қайнатушыларға қажетті сапалық көрсеткіштері бар арпа ала алмады. Бұл мәселе өңірдегі аграршылардың басым бөлігінде де туындады.

– Ал Солтүстік Қазақстандағы «Шағала Агро» шаруашылығымызда биыл, керісінше, сыра қайнатуға арналған өте сапалы арпа алдық. Ақуыз мөлшері 9,5–10% деңгейінде, бұл өңдеушілердің талаптарына толық сәйкес келеді. Қазір нарықтағы ең сапалы арпа – осы. Өнімнің бір бөлігін Өзбекстанға жөнелтіп үлгердік, ал қалған көлемін отандық өңдеушілерге сату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұған дейінгі екі жылда да Солтүстік Қазақстанда арпа өсіріп көрдік, бірақ жаңбырға байланысты егін жинау кезінде белгілі бір қиындықтарға тап болдық. Ал биыл өнім сапасы талапқа сай болды, – деді Талғат Алдажаров.

Осылайша, биылғы маусым сыра қайнатушылар үшін үлкен сынаққа айналмақ. Олар қажетті шикізатты іздеуге мәжбүр болады. Нарықта сапалы арпа көлемі аз болғандықтан, оны сатып алушылар арасында бәсекелестік күшеюі мүмкін.