Павлодар облысында егін егу жұмыстары басталды
Павлодар облысының аграршылары көктемгі егістік жұмыстарын бастады. Егін алқаптарын дайындау, жер аудару және кейбір аудандарда тұқым себу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
АШМ мәліметінше, биылғы жылы Павлодар өңірінің егіс алқабы 153 мың гектарға (немесе 11,5%), 1,5 млн гектарға дейін кеңейтілді. Негізінен 460 мың гектарға (2019 жылға қарағанда 140 мың гектарға артық) азықтық дақылдар егіліп, соның есебінен ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, майлы дақылдар, картоп және көкөніс алқаптары 270 мың гектарға отырғызылады.
Әртараптандыру мақсатында астық себілетін алаңдар 750 мың гектардан 33,6 мың гектарға дейін азаяды. Дегенмен, бұл дақыл аймақтың көп бөлігіне отырғызылады, ол егістіктің 50,7%-ын құрайды.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында топырақты ылғалдандыру, жерді жаппай жырту және тұқым себу алдындағы өңдеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ көпжылдық шөптер мен көкөністер егілуде.
Сонымен қатар, өңірде минералды тыңайтқыштар сатып алу жалғасуда. 11 мың тоннадан астам немесе жоспарда көрсетілген мөлшердің 71%-ы сатып алынды.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған қорғау құралдары-маскалар, санитайзерлер мен қолғаптар, тұқымдар мен ауыл шаруашылығы техникасы толық көлемде сатып алынып, дайындалды.
АШМ мәліметінше, егіс науқанына барлығы 11,1 мың трактор, 182 егіс кешені және 1 274 тұқым сепкіштер пайдаланылатын болады.
«Айта кетерлік жағдай, биылғы жылғы егіс науқанына фермерлер 4,8 млрд теңгеге жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Өз қаражаты есебінен-79 бірлік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы-39 бірлік алынды. Лизингке сатып алынған техникалардың кепілдік мерзімі бар. Техникаларға жөндеу жұмыстары мен қызмет көрсетуді облыс бойынша кедергісіз жүріп өтуге мүмкіндік беретін лизингтік компаниялар жүзеге асырады», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Хабарламада айтылғандай, қажет болған жағдайда өңірдің фермерлері облыс орталығынан қосалқы бөлшектер сатып ала алады. goldau.kz базасында электрондық рұқсаттамаларға өтінімдер қабылдау үшін AgroRugsat тегін электрондық сервисі ұйымдастырылды. Аталған жүйе 15 сәуірден бастап Павлодар облысында енгізілген еді. Өңірде блок-бекеттер арқылы кедергісіз жүріп өту үшін қазіргі кезде 16 қосалқы бөлшектер сататын дүкенге, сондай-ақ 2,5 мың ауыл шаруашылығы техникасына және көктемгі егіс жұмыстарына қатысатын 1370 адам үшін рұқсат берілді.
Облыстағы егін егу жұмыстарына 19 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бір литр жанар жағар май бағасы 150 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 13 мың тоннаға жуық келісім-шарт жасалды, оның 8 мыңға жуығына төлем жасалды, 4,7 мыңнан астам шаруашылыққа таратылып берілді.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, өсімдік шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен ағымдағы жылы 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген еді. Бұл қаражат минералды тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын субсидиялауға бағытталады.
«Агро бизнес» және «Кең-дала» бағдарламалары бойынша Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 3,1 млрд. теңгеге 100-ден астам жеңілдікпен несиелер берілді. Сонымен қатар, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы мен «Павлодар» ӘКК келісім жасасты, аталған шарт бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысуға ниет білдірген жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін кепіл болады. Алдын ала төлем жасау әдісімен алдағы егінге көмек алу үшін өңірдің 60 шаруашылығы өтініш берді.