Фермерлер малға арналған биркаларды өз бетінше сатып ала алады
Ауыл шаруашылығы жануарларына арналған биркаларды сатып алу жөніндегі функциялар Ауыл шаруашылығы министрлігінен әкімдіктерге беріледі, бұл ретте фермерлік шаруашылықтар мен басқа да ауыл шаруашылығы құралымдары жануарларды сәйкестендіру құралдарын өз бетінше сатып ала алады. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мәлімдеді.
Әкімдіктердің мемлекеттік сатып алу шеңберінде биркалар мен ветеринариялық препараттарды ұзақ мерзімді орталықтандырылған сатып алуға тәуелділігі ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және сәйкестендіру жөніндегі жұмысқа теріс әсер етеді.
"Осы кемшіліктерді жою үшін реформалар шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін биркалар сатып алу жөніндегі функцияларды Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен тікелей әкімдіктерге беру көзделген", - деді Құрманов.
Оның айтуынша, жеке қосалқы шаруашылықтардағы жануарларға арналған жапсырмалар бюджет есебінен сатып алынып, мал иелеріне тегін беріледі.
"Ұйымдасқан шаруашылықтарға сәйкестендіру атрибуттарын өз қаражаты есебінен сатып алу құқығы берілетін болады. Бұл құлақ биркслары радиожиілік биркалары тері астындағы чиптер болуы мүмкін", - деп нақтылады вице-министр.
Сондай-ақ, аудандардағы иелер мен мамандарға ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің дерекқорына (ЖСЖ) түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарлануда. Ол үшін алгоритм бекітіліп, растайтын құжаттардың тізбесі айқындалатын болады.
Тақырып бойынша оқу: Қазақстан 2023 жылы аусылдан таза ел мәртебесін қалпына келтіруге ниетті
Сонымен қатар, ЖСЖ ақпараттық жүйесінің мобильді нұсқасы іске қосылады. Рүстем Құрманов атап өткендей, ветеринария процестерін цифрландыру мен автоматтандыруды жүргізу статистикалық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етеді, ветеринариялық дәрігерлерді қағазбастылықтан босатады, экспортқа/импортқа рұқсат беру құжаттарын алуды жеңілдетеді, бақылаудағы объектілердің қозғалысы мен айналымын бақылауды күшейтеді, сондай-ақ субсидиялар мен жеңілдікті несиелр алу кезінде сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық тәуекелдерді азайтады.
Ауыл шаруашылығы жануарларын уақтылы егу үшін заңнамалық деңгейде препараттарды сатып алу функцияларын орталықтандыру мәселесі пысықталатын болады. Отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасай алатын бірыңғай оператор құру жоспарлануда. Бұл өз уақытында өзекті штаммдары бар вакциналардың қажетті көлемде болуына мүмкіндік береді, өйткені әлемдегі эпизоотиялық жағдай үнемі өзгеріп отырады.