Қазақстан Жанонияға жылқы етін экспорттайтын болады
Жапония Қазақстаннан жылқы етін сатып алатын болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталған министрліктің мәліметі бойынша, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жапондық әріптестеріне алғашқы ұсыныстарын жолдаған, онда қазақстандық фермерлер мен кәсіпкерлердің жылқы етін сатуға ниет танытып отырғандары жайлы айтылды. Ұзақ уақытқа созылған келіссөздердің нәтижесінде Жапонияның Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы министрлігі жылқы етін алуға келіскендерін жеткізді. Сонымен қатар 2020 жылдың 25 мамырынан бастап экспорттың ашылатындығы айтылды.
Айтылған келісімдерге сәйкес Қазақстан Республикасы АШМ-ның Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті ет өнімін экспорттауға дайын қазақстандық кәсіпорындардың тізімін жасады. «Ет» одағы, «Атамекен» ҰКП және Комитеттің аймақтық инспекциясы арқылы фермерлерге жіберілген сауалға шаруашылықтар жауап берген, сол ұсыныс бойынша 34 отандық кәсіпорын тізімге енгізіледі. Жақында бұл ақпарат жапондықтарға тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Жапония жылқының етін импорт ретінде алып қана қоймай, сонымен қатар сою үшін тірі жылқыларды да сатып алғылары келетіндігін атап өтті.
«Осы уақытқа дейін Жапонияға жылқы етінің негізгі экспортеры Канада мемлекеті болып келді. Күн шығыс елінде жылқы еті ежелден шикі күйінде де қолданылып келеді. Әсіресе жылқы қабырғасынан кесілген ет жоғары бағаланады. Жылқы етінен суши және кесек еттерден сашими жасалынады», - деп түйіндеді баспасөз қызметі.