Қытай Қазақстаннан термиялық өңделген ет әкелуге шектеулерді алып тастауға дайын
Қытайлық компаниялар Қазақстанда ет өнімдерін сатып алуға жоғары қызығушылық танытуда, алайда ҚХР-да оны ҚР-дан әкелуге тыйым салу әлі де сақталуда. Бейжіңдегі кездесуде ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен ҚХР Бас кеден басқармасы басшысының орынбасары Сунь Юйнин шектеулерді алып тастау мүмкіндігін талқылады, деп хабарлады Сауда министрлігінің баспасөз қызметі.
«Біз Қазақстанда бірнеше рет болған және қазақстандық ет: сиыр, қой, тауық және қосалқы өнімдерді сатып алуға дайын көптеген қытайлық компаниялармен кездесулер өткіздік. Инвестициялық ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізілуде, ірі қытайлық компаниялар Қытай нарығына одан әрі экспорттау мақсатында Қазақстанның ет өндірісіне орасан зор қаражат салуға дайын. Бірақ қажетті жағдай жасау үшін қолда бар шектеулерді алып тастап, ет өнімдерін экспорттауды қайта бастау қажет», - деді Арман Шаққалиев.
ҚХР Бас кеден басқармасы аусыл ауруы мен құс тұмауын бақылау бойынша ветеринарлық қызметті бағалау үшін Қазақстанға баруға дайын.
«Біз сондай-ақ салқындатылған ет өнімдерін, термиялық өңделген ет өнімдерін, құс еті мен қосалқы өнімдерді, тағамдық жұмыртқаларды, жылқы еті және басқа да тауар түрлерін экспорттауға қойылатын талаптарды келісу бойынша жұмысты бастауға дайынбыз», - деді Қазақстан Сауда министрлігінің басшысы.
Келіссөздер барысында өзара саудадағы кедергілерді жою жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. ҚХР Бас кеден басқармасы Қазақстаннан термиялық өңделген ет өнімдерін жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастауға дайын екендігін білдірді.
ҚХР нарығында қазақстандық түйе сүті үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, Қазақстанда бие сүтін экспорттау бойынша үлкен әлеует бар. Алайда, ҚХР-да осы өнімді нарыққа жеткізу үшін тиісті ұлттық стандартты әзірлеу қажет, бұл туралы келіссөздер барысында да атап өтілді.
Экспорттың тағы бір маңызды бағыты - өсімдік шаруашылығы өнімдері. Қазақстан Қытайға сүйекті жеміс дақылдарын (шабдалы, өрік, шие) жөнелтуге дайын. Бұршақ пен жасымық бойынша әлеуетті экспорттаушылардың тізімі жасалды.
«Біз сондай-ақ қызылша целлюлозасы, картоп, сұлы және жарма, күнбағыс майы, мақсары экспортын ұлғайтуға дайынбыз», - деді Арман Шаққалиев.
Тақырып бойынша оқу: Азық-түлік корпорациясы Қытайға астық жеткізу туралы Меморандумға қол қойды
Кездесу қорытындысы бойынша ағымдағы жылы Қазақстанның ветеринариялық қызметін бағалау үшін Қытай делегациясының сапары туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл үшін жақын арада сапар бағдарламасы келісілетін болады. Сапар қорытындысы бойынша Қытай тарапы шектеуді алып тастауға және мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын талқылауға көшуге дайын.
Сонымен қатар, Қытай термиялық өңделген сиыр, қой және құс етіне ветеринарлық талаптарды келісу бойынша жұмысты қатар бастауға келіседі.
Сондай-ақ шие, шабдалы және өрікке арналған жеке хаттама жобаларын әзірлеуде келісімдерге қол жеткізілді. Қараша айында Қазақстан шие туралы хаттаманың бірінші жобасын ҚХР-ға оның қарауына және бекітуіне жібереді.