Қазақстанда ІҚМ саны бір жылда 95 мың басқа өсті
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстанда ІҚМ саны қазан айының басында 8 млн 490,7 мыңды құрап, 1,1%-ға өсті (2024 жылдың қазан айында 8 млн 395,7 мың болды). Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бүгін үкімет отырысында ет өндірудің де артып отырғанын хабарлады: 9 айда сою салмағындағы барлық ет түрлерінің өндірісі 816,3 мың тоннаны құрап, көрсеткіш 2,6% - ға артты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлерінің саны да өсуде. Жылқылардың саны 6,4%-ға (4,5 млн бас), түйелер - 4,5%-ға (299,7 мың бас), құстар - 6,5%-ға (49 млн бас) өсті.
Одан әрі өсу индикаторлары мал шаруашылығын дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан кешенді жоспарға енгізілетін болады. Онда саланы одан әрі мемлекеттік қолдау шаралары жазылады.
«Қазіргі уақытта салада бордақылау алаңдары үшін айналым қаражатын кредиттеу бағдарламасы жұмыс істейді, ол «Даму» қоры арқылы 80%-ға дейін кепілдікпен тауарлық шаруашылықтарға, құс фабрикаларына және басқа да бағыттарға таратылатын болады. Сондай-ақ инвестициялық мақсаттарға қаржыландыруды қоса алғанда, мал өсірушілерге арналған кредиттік өнімдер желісін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», - деді Азат Сұлтанов.
Бұдан басқа, өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатына жеңілдікпен несие беру жалғастырылатын болады. Осы мақсатқа ағымдағы жылы 44 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 29,8 млрд теңгеге 75 жоба қаржыландырылды.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, сиыр етінің (жауырын-төс бөлігі) бағасы жыл басынан бері 25%-дан астам өсті. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, 7 қазандағы еттің осы бөлігі үшін республика бойынша орташа баға килограмына 3244 құрады.
Бағаның өсуі аясында елімізде 15 мамырдан бастап ІҚМ әкетуге тыйым салынды және сиыр етін экспорттауға квоталар белгіленді.