Түркістан облысында ірі қара малында құтыру ауруы анықталды
Түркістан облысының Қарабау ауылдық округінде ІҚМ-да құтырудың анықталуына байланысты шектеу іс-шаралары енгізілуде. Бұл туралы әкімнің Ашық НҚА порталында жарияланған шешімінде айтылған.
«Тексеруге тапсырылған бір ірі қара малдың миының сынамасынан «Құтыруға» оң нәтиже көрсетуіне байланысты Л.Тотаев көшесі, Қарабау ауылдық округі, Ұлтас елді мекені бойындағы №1-19 тұрғын үйлердің аумағында шектеу іс-шаралары белгіленсін», - делінген құжатта.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ауқымды ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар басталды. Бүгінгі таңда республикалық қорда көктемгі кезеңге профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жіберілген жануарлар мен құстардың 23 ауруына қарсы 77 млн доза вакцина бар. Бруцеллезді, лейкозды, жылқылардың жұқпалы анемиясын және басқаларын қоса алғанда, жануарлардың 25 аса қауіпті аурулары бойынша 13,6 млрд теңге сомасына 74,9 млн-нан астам диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарлануда. Бұдан басқа, 178,2 млн манипуляция жүргізу жоспарлануда.