Түркістан облысының екі елді мекенінде малдан құтыру ауруы анықталды
Шектеу іс-шаралары Түркістан облысының Тілектес және Қарабастау елді мекендерінде малдан құтыру ауруы анықталғандықтан енгізіледі. Жаңабазар ауылдық округі әкімінің шешімі Ашық НҚА порталында жарияланды.
«Жаңабазар ауылдық округі, Тілектес елді мекені, З.Бостанов көшесіндегі №45-120 тұрғын үйлердің аумағында төрт бас ұсақ мал мен бір жылқының ми сынамаларынан «құтыру» ауруына оң нәтижеге байланысты шектеу іс-шаралары белгіленсін», - делінген құжатта.
Сонымен қатар, құтыру ауруы Қарабастау елді мекеніндегі бір сиырдан алынған сынаманы зерттегеннен кейін расталды. Осыған байланысты Р.Толен көшесіндегі тұрғын үйдің аумағында елді мекенде шектеу іс-шаралары енгізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының басында Түркістан облысы Қарабау ауылдық округінің Сынтас елді мекенінде ІҚМ құтыру ауруы анықталған болатын.