06 июня 2024 Мал шаруашылығы

Жеті ет комбинаты Қытайға сиыр етін экспорттауды бастауды жоспарлап отыр

Қытай мен Ресей аусылдың және басқа да аурулардың өршуіне байланысты Қазақстаннан ет және ет өнімдерін әкелуге қойылған шектеулерді алып тастады. Қазіргі уақытта қазақстандық жеті компания ҚХР-ға сиыр етін жеткізуге рұқсат алуды күтуде. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда Қытайға Алматы облысынан бір ет өңдеуші кәсіпорын экспорттай алады, ал тағы жеті мүдделі кәсіпорын Қытай нарығына мұздатылған сиыр етін экспорттауға рұқсат алу үшін ҚХР тізілімінде тіркеу рәсімінен өтуде», - деді вице-министр.

Ол өнімнің экспорты мен импортын дамыту үшін зертханалар жабдықталып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Үкімет Республикалық ветеринариялық зертхананы жоғары дәлдіктегі талдамалық жабдықпен жаңғыртуға 3,8 млрд теңге бөлді, оның көмегімен 70-тен астам көрсеткіш бойынша: антибиотиктер, ветеринариялық дәрілік заттар, фармакологиялық белсенді заттар және олардың метаболиттері, кокцидиостатиктер бойынша өнімді тексеру жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, Қазақстан импорттаушы елдердің, оның ішінде Еуропалық одақтың талаптары бойынша зерттеулер жүргізе алады. Нәтижесінде экспортталатын тауарлардың тізімін кеңейту мүмкіндігі пайда болады.

«Ағымдағы жылдың басынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық зертханаларының қызметкерлері Ресей Федерациясы, Грузия және Латвия зертханаларында біліктілігін арттырудан және тәжірибе алмасудан өтуде Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы келісім аясында Қытай тарапы Шығыс Қазақстан облысындағы ветеринариялық зертхананы ҚХР стандарттары бойынша мал шаруашылығы өнімдерін зерттеу және кейіннен Қытайға экспорттау үшін заманауи жабдықтармен жарақтандыруда», - деді Аманғали Бердалин.

Сонымен қатар, АШМ Қытайға ІҚМ терісін экспорттау жөніндегі талаптарды келісті. Енді Министрлік пен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында тиісті хаттамаларға қол қойылады деп күтілуде.

Экспортталатын тауарлар мен елдердің тізбесін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қытаймен жылқы еті, құс еті және термиялық өңдеуден өткен ет өнімдерін жеткізу туралы; Вьетнам және Сингапурмен – ет және ет өнімдерін жеткізу туралы; Малайзиямен - түйе сүтінің ұнтағын; ЕО - бал; Жапониямен - жылқыларды; Иранмен - термиялық өңдеуден өткен ет өнімдерін; Әзірбайжанмен - құс еті мен сүт өнімдерін; Парсы шығанағы елдерімен - ет және ет өнімдерін жеткізу туралы келіссөздер жүргізілуде.