Түркістан облысындағы жаңа бордақылау алаңына мың бұқа әкелінді
Түркістан облысының Сауран ауданында 5 мың бас мал бордақылау алаңын іске қосу бойынша жобаны іске асыру жалғасуда. Қазіргі уақытта мың бас мал бордақыланды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қуаттылығы жылына 4 мың тонна ет болатын инвестициялық жобаның құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Ол екі ай ішінде толығымен іске қосылады.
«Әл-Береке» ауыл шаруашылығы кооперативі алты бокс, сою, мұздату, тұшпара цехтарының құрылысын жүргізуде, жем-шөп пен жабдық сатып алынды», - деп нақтылады АШМ.
Қазіргі уақытта өңірде өндірістік қуаттылығы мың мал орындарынан 22 бордақылау алаңы бар. Бордақылау алаңдарының жиынтық қуаты 46,5 мың мал орнын құрайды.