Атырауда екі бекіре зауытын біріктіру жоспарлануда
Атырауда екі бекіре зауытын біріктіріп, шабақ өндіруді жылына 12 млн-ға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Балық аулауды дамыту және балық қорларын көбейті мәселелері аймақ әкімдігінде өткен кеңесте талқыланды. Облыста балық шаруашылығы саласында 5 мыңға жуық адам жұмыс істейтіні атап өтілді. Өткен жылы 14 мың тонна балық ауланған. Балық өнімдері Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция, Литва және Израильге экспортталады.
Бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту мақсатында Жайық өзеніне жыл сайын 7,5 млн-нан астам бекіре шабағы жіберіледі.
«Биылғы жылы бекіре тұқымдас балықтарды аулау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артты. Қазіргі уақытта Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты мен Атырау бекіре балық өсіру зауытын біріктіру жоспарлануда, осылайша мұнда жылына 12 млн шабақ өсіру жоспарлануда», - деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, өңірде балық өсіру жобасы іске қосылды,аталған жұмыс бойынша «Восток» және «Тілекші» ЖШС, сондай-ақ «Абдулов» шаруа қожалықтары тауарлық бекіре өсірумен айналысады. Кездесу соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға өңірдегі балық шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бұған дейін Үкіметтегі кеңес отырысында Премьер-министр Асқар Мамин ҚР-дың барлық өңірінде балық өндірісін ұйымдастыруды тапсырған болатын.