Қазақстанда жүн мен тері экспортына баж салығы жойылады
Сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 16 сәуірде ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін экспорттауға арналған кедендік баж салығын үш жыл мерзіміне жою туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл шешімнің негізгі себебі ішкі нарықта өндірілетін шикізаттың едәуір бөлігіне сұраныстың төмендігі болып табылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін өңдеу және экспорттау төмен деңгейде қалып отыр», - деп Ауыл шаруашылығы министрлігінде түсіндірді.
Бүгінгі таңда ірі қара мен ұсақ малдың терілері экспортына тоннасына 200 евро, ал жүн экспортына – 10%, бірақ тоннасына кемінде 50 еуро баж алынады.
Экспорттық кедендік баждарды жою мал өсірушілердің шығындары мен кәдеге жарату шығындарын азайтуға және өткізу нарықтарын кеңейтуге ықпал ететін болады.
Сонымен қатар, отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету үшін қазір шикізатты қайта өңдеуге тапсыру кезінде фермерлер үшін субсидиялар енгізу пысықталуда.
«Ішкі нарық қажеттіліктері мен тері мен жүн экспорты арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда, оның ішінде қайта өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың әлеуетті іске асырылуын ескере отырып, тиісті шараларды жедел қабылдайтын болады», - деп Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.