Жетісуда түйіршіктелген жем өндірісі іске қосылды
Панфилов ауданының Жаркент қаласында қуаттылығы тәулігіне 120 тонна жүгері дәнін кептіретін цехы бар құрама жем зауыты іске қосылды. Бұл аудан экономикасына 500 млн теңге инвестиция тартқан Қазақстан-Қытай жобасы, деп облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыт директоры Ербол Орнекеевтің айтуынша, кәсіпорынның құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Кәсіпорында орнатылған Қытай өндірісінің жабдықтары тәулігіне 110 тонна түйіршіктелген жем шығаруға мүмкіндік береді. Дайын өнім ҚХР, Иран және Өзбекстанға экспортталатын болады.
«Біз жергілікті фермерлерден 50 тонна жүгері дәнін қабылдай аламыз, ал толық қуатына қол жеткізе отырып, екі ауысымда жұмыс істей отырып, айына малдың, құстың, балықтың барлық түрлері үшін 200 мың тоннадан астам жем өндіретін боламыз. Өнімнің сапасын біздің кәсіпорынның арнайы зертханасы қадағалайды», - деп атап өтті Ербол Орнекеев.
Кәсіпорында 30-дан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
«Кептіру кешені бар зауыттың ашылуы жергілікті өндірушілер үшін айтарлықтай қолдау болады. Енді фермерлер өз өнімдерін тез және сапалы кептіре алады, ал озық технологияларды қолдану өңдеу кезінде ең аз шығынды қамтамасыз етеді және шикізаттың сақтау мерзімін едәуір арттырады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын ұлғайтуға және жалпы өңірдің экономикасын дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.
Сондай-ақ әкімдік Жетісу өңірінде жүгері 42,2 мың гектар, оның ішінде Панфилов ауданында 23,1 мың гектар алқапты алып жатқанын хабарлады. Күтілетін өнім – кем дегенде 300 мың тонна шикізат.