Қазақстан сиыр етінің импортына нөлдік баж салығын белгілеуге ниетті
Қазақстанның үкіметі ЕАЭО шеңберінде үш елден ірі қара малдың етін импорттауға нөлдік кедендік баж белгілеу жөніндегі бастаманы пысықтауда, осыған ұқсас ұсыныс Ресейден де келіп түсті. Бұл туралы ҚР Сауда министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл саланың ішкі қажеттіліктері мен экспорттық әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ведомствода.
Сауда министрлігі көрші елдер үшін, әсіресе Өзбекстан үшін қазақстандық ет бағасының тартымдылығы, сондай-ақ өңделген түрдегі етті экспорттау мүмкіндігі экспорттау көлемінің айтарлықтай өсуіне әкелгенін атап өтті. Бүгінгі таңда сиыр етінің экспорты 27 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,2 есе жоғары.
Ведомство ішкі нарықты қанықтыру және ет бағасын ұстап тұру үшін жыл соңына дейін сиыр етінің экспортына квота белгілеу туралы шешім қабылданғанын, бұл ретте әкетуге тек ет өңдеуші кәсіпорындар үшін ғана рұқсат етілетінін хабарлады.
Сонымен қатар, 15 мамырдан бастап тірі малды экспорттауға тыйым салынды, бұл бағаның өсу қарқынын төмендетуге мүмкіндік берді. Егер ақпан-сәуір айларында өсім айына 3% болса, мамыр-шілде айларында 1,4% болды.
Сиыр етінің бағасының өсуі әлеуметтік маңызы бар өнімдер арасындағы баға динамикасына үлкен әсер етуді жалғастыруда.
«Дәстүрлі түрде бұл өнім тұтыну қоржынының едәуір бөлігін алады және оған бағаның ауытқуы халықтың бюджетіне айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе, біз әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін және тұрақты тұтынушылық сұранысқа ие сиыр етінің жауырын-төс бөлігі туралы айтып отырғанымызды атап өткен жөн. Ол азық-түлік тауарлары арасындағы жалпы тұтынушылық инфляцияға әсер ету бойынша бірінші орында - шамамен екі пайыздық тармақ. Жалпы ет бағасының индексі жыл басынан бері 25%-ға жуық, ӘМАТ тізбесіне кіретін сиыр етінің жауырын-төс бөлігі бойынша - 23,6%-ды құрады», - деп Сауда министрлігінде хабарлады.