Қазақстаннан сиыр етін экспорттау квотасы 13,5 мың тоннаны құрайды
Биылғы жылдың соңына дейін Қазақстаннан сиыр етін әкетуге квота көлемі 13,5 мың тоннаны құрайды, бұл жеткізілімдердің қалыптасқан көлеміне сәйкес келеді. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Квота шамамен 13,5 мың тонна тарихи қалыптасқан көлемді ескере отырып айқындалған. Бұл экспорттық норма өндірушілерді мал шаруашылығымен айналысуға кедергі келтірмейді», - деді Сауда министрлігінің басшысы.
Ол квота делдалдарды қоспағанда, ет өндірушілерге ғана бөлінетінін атап өтті.
Сауда және Ауыл шаруашылығы министрлерінің пікірінше, қабылданған шектеулер мал басының азаюына әкелмейді, өйткені олар негізгі ет экспорттаушыларды шектемейді, ал мал шаруашылығының дамуы мемлекеттік қолдаудың артуымен қолдау табады.
«Біз селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарды мемлекеттік қолдауды ғана жойдық, бірақ малды ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына тапсыру кезіндегі субсидияларды кг үшін 200-ден 300 теңгеге дейін ұлғайттық. Сондай-ақ мал сатып алу кезіндегі субсидиялар 400-ден 700 мың теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Фермерлер бұл туралы сұрады, біз оларды қолдадық», - деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Оның мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар айының басында еліміздегі ІҚМ саны 7,9 млн құраған, қазір ол 8,7 млн басқа жеткен, яғни төл 17%-ға өскен.
Естеріңізге сала кетейік, сиыр етін әкетуге квота енгізу туралы шешімді қыркүйекте ішкі нарықтағы бағаның өсуін тежеу және халық үшін ІҚМ етінің жеткілікті көлемін қамтамасыз ету үшін сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссия қабылдады.
АШМ деректері бойынша, қаңтар-маусым айларында Қазақстан 16,1 мың тонна сиыр етін экспорттады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,4 есе көп. Жеткізудің негізгі бағыттары - Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қытай және БАӘ.