Алматы облысында жыл соңына дейін 5,7 мың бас мал бордақылау орны іске қосылады
Ағымдағы жылдың басынан бастап Алматы облысындағы Көксу және Сарқан аймақтарында 550 бас малға арналған 3 мал бордақылау алаңы іске қосылды. Жыл соңына дейін 5720 мал сиятын тағы 11 бордақылау орнын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазіргі уақытта Алматы облысында сыйымдылығы 70,1 мың бас болатын 106 бордақылау алаңы бар. Жалпы, облыста ірі қара саны 1257,9 мың басқа жетті (2019 жылға қарай 5% -ға өсті), ұсақ мал - 4 430,5 мың басқа (өсім 2,1%).
Облыс фермерлері жыл басынан бері 213,1 мың тонна ет өндірді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1% артық, ал сүт өндіру 3,1% артып, 547,5 мың тонна болды.
Асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 18,7% (197,8 мың бас), қой - 23,2% (812,8 мың бас), жылқы - 15,6% (51 063 мың бас), түйе - 52,4% (3896 мың бас), құс - 12,8% (1322,2 мың) болғанын атап өткен жөн.
«Асыл тұқымды мал санын арттыру және олардың өнімділігін көбейту мақсатында биыл шетелден 1888 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 11 775 бас ірі қара және 17 850 бас қой сатып алынды. Барлығы 2 937,1 тонна ет экспортталды, оның ішінде сиыр еті - 614 тонна, қой еті - 2,8 тонна, құс еті - 2320,3 тонна болды», - деп хабарлады әкімдік.