08:05 Мал шаруашылығы

Солтүстік Қазақстанда 750 мың тонналық қуаты бар құрама жем зауыты іске қосылады

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданында «Новоишимский мелькомбинат» ЖШС-не қарасты құрама жем зауытының құрылысы аяқталуда. Кәсіпорын автоматтандырылған желілермен жабдықталған және жылына 750 мың тонна өнім шығаруға есептелген, деп Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Зауытта сыйымдылығы 9 мың тонна элеватор, тазалау және орау цехтары, роботтандырылған қойма қарастырылған. Жобаның құны 4,1 млрд теңгені құрайды.

Нысанда негізгі жабдықты монтаждау аяқталды, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жем зауытын ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны іске асыру өңірдің мал шаруашылығын сапалы азықпен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, өңірде 1 200 бас ірі қара малға арналған «Буденное СК» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуда. Жобаның құны 9 млрд теңгені құрайды. Ферманың жобалық қуаты — жылына 10 мың тонна сүт.

Құрылыс жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылдың соңына дейін голштин-фриз тұқымды 660 ірі қара малды әкелу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 13,2 млрд теңгеге 14 тауарлы-сүт фермасының құрылысы қаржыландырылды.