11:10 Мал шаруашылығы

Қазақстанда жұмыртқа импортына тыйым салынады

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағына тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салу туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі.

Құжат үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен алты ай мерзімге көліктің барлық түрлерімен тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салуды көздейді. Тыйым жұмыртқа транзитіне әсер етпейді.

Импортқа тыйым салуды ұзарту туралы шешімді Ведомствоаралық комиссия 5 наурызда қабылдады. Ауыл шаруашылығы министрлігі оны отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау қажеттілігімен түсіндірді.

Қазақстан тауық жұмыртқасын импорттауға мерзімді түрде тыйым салады. Импорт соңғы рет 2025 жылдың желтоқсанында бір ай мерзімге тоқтатылған болатын.