Қазақстанның өкілі Дүниежүзілік жұмыртқа ұйымының басшылық органына сайланды
Қазақстан Құс өсірушілер одағының өкілі Максим Божко Дүниежүзілік жұмыртқа ұйымының (World Egg Organisation, WEO) басқарма құрамына 5 жыл мерзімге сайланды. Бұл туралы қазақстандық қауымдастықта хабарлады.
Сайлау 7-10 қыркүйек аралығында Сингапурда өткен WEO-ның Global Leadership Conference конференциясы аясында өтті. Жиын барысында Максим Божко халықаралық қауымдастық өкілдеріне еліміздің құс шаруашылығын дамыту тәжірибесін таныстырды.
«Қазақстан құс өсірушілер одағы 8 жыл бойы WEO мүшесі болып келеді. Одақ өкілінің ұйымның басқару органына кіруі елдің халықаралық сарапшылар қауымдастығымен көпжылдық ынтымақтастығын түбегейлі жаңа деңгейге көтереді», – деп атап өтті Қазақстан Құс өсірушілер одағында.
WEO әлемдік жұмыртқа өндірісі саласының негізгі сараптамалық орталығы ретінде маңызды бағыттар бойынша жаһандық күн тәртібін қалыптастырады. Ұйым әлемнің 80-нен астам елінен жетекші өндірушілерді, қайта өңдеушілерді, жабдық жеткізушілерін, ғалымдар мен сарапшыларды біріктіреді.
Одақтың мәліметінше, Қазақстанның WEO құрамына кіруі отандық кәсіпорындарға халықаралық стандарттарға, заманауи технологиялық шешімдерге, ғылыми зерттеулерге және әлемдік нарықтың талдамалық деректеріне тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ халықаралық ұйыммен тығыз ынтымақтастық озық халықаралық стандарттарды жедел енгізуге, отандық өндірушілердің мүдделерін жаһандық деңгейде қорғауға және қазақстандық өнімдер үшін жаңа экспорттық мүмкіндіктерге жол ашады.