08:15 Мал шаруашылығы

Жетісуда 1 млрд теңге инвестиция салынған балық өсіру кешені салынуда

Жетісу облысында 1 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартыла отырып, балық өсіру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімдігінде хабарлады.

Ескелді ауданында жұмыс істейтін кәсіпорын балықтың бағалы түрлерін жасанды өсіруге маманданған. Мұнда толық өндірістік-инкубациялық цикл орындалады, яғни тауарлық балықтар уылдырықтан немесе шабақтан бастап өсіріледі. Нысанның құрылысы өткен жылы басталып, осы жылдың күзінде аяқталады деп жоспарлануда.

«Уылдырық Польшадан арнайы әкелінді. Шаруашылықта біз дайын балықты өз бетінше өсіре отырып, тауарлық түрде ұсынамыз. Осыдан кейін біз консервілеумен де, ыстаумен де айналысуды жоспарлап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, біз бүкіл өндіріс процесін өзіміз жасаймыз. Қазіргі уақытта біз кешеннің бір ғимаратын салып, іске қостық, онда уылдырықтан бастап біркелкі температурада форель шабақтарын өсіреміз. Күзге дейін 1 млн 200 мың дана шабақ тауарлық салмаққа жетеді. Жақын арада біз басқа ғимараттар салып, тұқы, албырт және бекіре балықтарын өсіруге кірісеміз», - деді балық шаруашылығы директоры Руслан Сафаргалиев.

Шаруашылықта 93 балық бассейні, сондай-ақ 63 гектарлық тоған болады. Мұнда жылына 80-ден 1 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі деп күтілуде. Дайын өнімді алдымен облыс аумағында, содан кейін елдің басқа аймақтарына сату жоспарлануда.

Қазір шаруашылықта 12 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде үш ихтиолог және екі технолог. Нысан толық іске қосылған кезде жұмыспен қамтылғандар саны 30-ға жетеді.

Әкімдіктің мәліметінше, Жетісу облысында 20-дан астам балық өсіретін шаруашылық жұмыс істейді, олар 2025 жылы 700 тоннадан астам өнім өндірген.