Ақмола облысында 20 мың ангусқа арналған ет фермасы салынады
Ақмола облысының Ерейментау ауданында шетелдік инвесторлардың қатысуымен «Big Farm» ЖШС ет өндіру бойынша тігінен интеграцияланған кешен құру жоспарлануда. Атап айтқанда, жобаға Испания компаниялары қатысуда, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Big Farm жобасын қоса алғанда, инвестициялық ынтымақтастықты Париждегі ДЖДҰ 93-ші Бас сессиясының аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Испанияның ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және азық-түлік министрі Луис Планас талқылады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, жоба Ақмола облысында 20 мың бас ангус тұқымды ірі қара мал ұстайтын етті мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Жобаны іске асыру үшін ауданы 70 мың га жер учаскесі бөлінді. Инвестициялардың жалпы көлемі 132 млн еуроны құрайды, 250 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшылары өзара тауар айналымын кеңейту жоспарларын талқылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Испанияға экспорты екі есеге артты. Жеткізу құрылымындағы негізгі үлесті дәнді дақылдар, көкөніс бұршақ дақылдары, эфир майлары алды.
«Бүгінгі таңда біздің елдеріміз ауыл шаруашылығы және АӨК өнімдерінің саудасы саласындағы ынтымақтастықта оң динамиканы сақтап келеді. Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың қолда бар әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды деп санаймыз», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Қазақстан астық және майлы дақылдар, қайта өңдеу өнімдері, жемшөп өнімдері және басқа да өзара мүдделі ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын ұлғайту есебінен Испания нарығында қатысуын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Луис Планас Испанияның Қазақстанмен аграрлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін растады және өзара сауданы кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін елеулі әлеуетті атап өтті.