11:00 Мал шаруашылығы

Қызылорда облысында ет бағытындағы құс фабрикасы іске қосылды

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы пайдалануға берілді. Мұнда өндірілген құс етін облыстың сауда сөрелеріне және көрші аймақтарға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құс фабрикасының аумағында 12 құс үйі, құс сою және инкубация цехы, әкімшілік ғимараты және техникалық қызмет көрсету ғимараты орналасқан.

«Кәсіпорынның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінді, жылына 6 мың тоннаға жуық құс еті өндірілетін болады. Өнімдер тек біздің өңірге ғана емес, көрші облыстарға да жеткізілетін болады. Мұнда 120 адам жұмыспен қамтылады. Жаңақорған ауданында осындай маңызды жобаны жүзеге асырғаны үшін жеке инвесторға зор алғысымды білдіремін», - деді фабриканың ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев.

Әкімдіктің мәліметінше, өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңге сомасына 48 инвестициялық жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның ішінде биыл 100 млрд теңгеге 21 жобаны іске қосу жоспарлануда.