09:15 Мал шаруашылығы

2026 жылы Ақмола облысында 1,4 мың басқа арналған ТСФ және сүт зауыты іске қосылады

Burabay Milk компаниясы Ақмола облысында екі инвестициялық жобаны іске асырады: 1 440 сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы және сүт өңдеу зауыты. Екі нысанды да 2026 жылы пайдалануға беру жоспарлануда, деп облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баянбай ауылында тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда фермаға Германиядан 330 голштин сиыры әкелінді. Жоба төрт сиыр қорасы мен сауу залын кезең-кезеңімен пайдалануға беруді көздейді.

Щучинск қаласында қуаттылығы тәулігіне 50 тонна өнім шығаратын сүт зауытының құрылысы жүріп жатыр. Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталды, Shugao және Fibosa компанияларымен жабдықтарды жеткізуге келісім-шарт жасалды.

«Жобаларды іске асыру өңірде сүт мал шаруашылығын дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, сондай-ақ отандық сүт өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған. Екі нысанды пайдалануға беру жыл соңына дейін аяқталады, бұл 100-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», –  деді Burabay Milk директоры Ғалымжан Әбдіқалықов.