13:16 Мал шаруашылығы

Мал шаруашылығының жаңа бағдарламаларын қаржыландыруға бес ӘКК қосылды

Бес әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация "Игілік", "Береке" және "Жайлау" бағдарламаларын қаржыландыру үшін Аграрлық несие корпорациясынан 48,7 млрд теңге алды. Қаражат ауыл шаруашылығы өндірушілеріне асыл тұқымды мал басын сатып алуға кейіннен несие беруге бағытталады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаржыландыруды Ақмола облысындағы KOKSHE ӘКК, Жамбыл облысындағы "Тараз", Батыс Қазақстан облысындағы Aqjaiyq, Солтүстік Қазақстан облысындағы "Солтүстік" және Ұлытау облысындағы "ҰЛЫТАУ" алды.

"Игілік" және "Береке" бағдарламалары аясында фермерлер асыл тұқымды мал сатып алуға қарыз ала алады. Қаржыландыру мөлшерлемесі жылдық 6% құрайды, қарыз сомасы - 5 млрд теңгеге дейін. Қаржыландыру мерзімі - 84 айға дейін, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең - 24 айға дейін.

"Игілік" және "Береке" бағдарламалары мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде іске асырылуда. Құжат саланы жаңғыртуға, оның өнімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған.

2026 жылы мал шаруашылығын жеңілдетілген несиелендіруге 300 млрд теңге қарастырылған. "Игілік", "Береке" және "Жайлау" кредиттік өнімдері саланы дамытудың әртүрлі бағыттарын қамтиды.

Кешенді жоспар мал басын арттыруды ғана емес, сонымен қатар оның генетикалық әлеуетін күшейтуді, асылдандыру ісін, заманауи көбейту технологиялары мен өндірістік инфрақұрылымды дамытуды да көздейді.

"Жайлау" бағдарламасы жаңа фермалар құруға және жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға арналған. Ол бойынша негізгі құралдарды сатып алуға және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қаржы алуға болады.

"Жайлау" бағыты бойынша жобаларды іске асыруға жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 120 айға дейінгі мерзімге 350 млн теңгеге дейін көзделген.