Жамбыл облысында жылына 7 мың тонна өнім өндіретін ет комбинаты салынуда
TRZ-AGRO компаниясы Жамбыл облысында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында ірі жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, жылына 7 мың тонна өнім өндіретін ет комбинаты салынуда. Нысанды 2026 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаның құны 3,1 млрд теңгені құрайды, оның 2 млрд теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қарастырылған.
Сонымен қатар, TRZ-AGRO жылына 12 мың тонна өнім сақтауға арналған көкөніс қоймасын салуда. Жобаның құны 1,3 млрд теңге, оның 995 млн теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Жобаны биыл аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ компания жыл бойы жұмыс істейтін, жылына 1 536 тонна өнім өндіретін жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 1,5 млрд теңгені құрайды, іске асыру мерзімі — 2026–2027 жылдар.
Жамбыл облысына сапары барысында кәсіпорынға ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров барып, агробизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуде, атап айтқанда, мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. 2026 жылы елімізде асыл тұқымды мал басын сатып алуға арналған жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын «Игілік» және «Береке» жаңа кредиттік өнімдері іске қосылды. Жайылымдық мал шаруашылығын ынталандыру мақсатында жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Жайлау» бірыңғай кредиттік өнімі іске қосылды.
Сонымен қатар, айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмыс істейді. Қаражатты жемшөп, ветеринариялық препараттар, жанар-жағармай материалдары мен қосалқы бөлшектер сатып алуға, сондай-ақ еңбекақы төлеуге бағыттауға болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға шамамен 220 млрд теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде жоғары өнімді асыл тұқымды мал басын сатып алуға 80 млрд теңге бөлінді. Шетелдің алыс мемлекеттерінен елге шамамен 6 мың бас ірі қара әкелінді, ал ел ішінде 30 мыңнан астам мал басы сатып алынды. Қазан айында тағы 70 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде, фермерлер кездесуде сала үшін өзекті мәселелерді, оның ішінде қаржыландырудың қолжетімділігіне, инфрақұрылымды дамытуға және мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі кеңейтуге байланысты мәселелерді атап өтті.