Өзбекстан сібір жарасы туралы БАҚ-тың хабарламасынан кейін ҚР-дан ет әкелуді шектеді
Өзбекстан сібір жарасы туралы баспасөз ақпарат құралдарынан расталмаған мәліметке сүйене отырып, Ақмола облысы мен Шымкент өңірлерінен мал өнімдерін әкелуге шектеу қойды. Осы жағдайға байланысты АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Өзбекстанға шектеулерді алып тастау туралы ресми түрде өтініш жолдады. Бұл туралы ElDala порталына ветеринарлық бақылау комитеті хабарлады.
Өзбекстанның ветеринариялық қызметі Ақмола облысы мен Шымкенттен ет, сүт өнімдерін, жүнді, теріні әкелуге және транзиттеуге 25 қыркүйектен бастап уақытша шектеу енгізді. Алайда, бұл аймақтармен сауданы шектеуге ешқандай себеп болған жоқ.
Тақырыпқа байланысты оқу: Шымкенттегі мал шаруашылығымен айналысушылар Өзбекстан мен Түркияға өнімдерін экспорттай алмай отыр
«Қазақстан Республикасының аумағында сібір жарасына қатысты эпизоотиялық жағдай алаңдарлық емес. Ақмола облысының аумағында 2020 жылы Сібір жарасы ауруы тіркелген жоқ. Шымкентте сібір жарасы бар деген күдік болды, бірақ зертханалық жұмыстар жүргізіліп, диагноз расталмады», - деп хабарлады жауапты мекеме.
Енгізілген шектеулерді алып тастау үшін Комитет Өзбекстанның ветеринария және мал шаруашылығын дамыту Мемлекеттік комитетіне мәселені шешіп, шектеуді алу туралы хат жолдады. Әзірге ведомствоға ресми жауап түскен жоқ.
«Атамекен» ҰКП өңірлік филиалында аталған шектеулерді алып тастау мәселесі талқыланып жатқанын хабарлады. Кәсіпкерлер мәселе тез шешіледі деген үмітте болып отыр.
Айта кетерлік жағдай, ағымдағы жылдың қыркүйек айында қазақстандық БАҚ-та Шымкенттің екі тұрғынының сібір жарасын жұқтырғаны туралы ақпарат пайда болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Атамекен палатасының ақпараты бойынша, науқастарды тексеру кезінде диагноз расталған жоқ. Ақмола облысында сібір жарасы ауруы 2019 жылдың тамыз айында Ольгинка ауылында тіркелген болатын.Алайда сол айда ауылдағы Карантин алынып тасталды, жұқтырған бес ауыл тұрғыны ауруханадан жазылып шығарылды. Қауіпті ауру таралмады. Қазіргі уақытта өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.