Ақтөбе облысында жемшөп дайындауға субсидия төлеу жеделдетіледі
Аудан әкімдерінің мәліметінше, құрғақ ауа райына қарамастан, Ақтөбе облысында қыс мезгіліне арналған жем-шөп дайындау жоспарға сай жүргізіліп жатыр, аталған жұмыс күзге дейін толық көлемде орындалады. Сонымен қатар, аймақ басшысы Оңдасын Оразлин аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауға шақырып, аудан басшыларына жемшөп дайындау барысы үшін жеке жауапкершілік туралы ескертті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Өңірде жемшөп дайындау жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ, Оңдасын Оразлин ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жемшөп дайындауға берілетін субсидияларды барынша жылдамдатуды және қазірдің өзінде осы шараға қатысты төлемдер алу үшін құжаттарды ресімдеуге көмектесуді өтінді.
Әкімдіктің мәліметінше, биылғы жылы 2,7 млн тонна жем-шөпті қор ретінде жинау жоспарлануда. 3 шілдедегі жағдай бойынша жоспар 30% орындалды.
Тақырыпқа байланысты оқу: БҚО –да ет кластері ұйымдастырылуда
«Қыс қатты болмайтын аудан өкілдері биыл да мал жайылымда болады деп үміттенбеңіздер. Мал азығын барынша жинап, дайындалыңыздар. Әрбір ауылдық округ, әрбір шаруа қожалығы бойынша қажетті көлемдегі жем-шөп жиналғандығын нақты білу үшін талдау жұмыстарын жүргізіңіздер. Соңғы жылдары облыста мал басының өсуі байқалады. Біз осы үрдісті сақтап қалуымыз керек», - деді облыс әкімі.