19 июля 2021 Мал шаруашылығы

БҚО-да ешкі сүті мен сүттен жасалатын өнімдер жасайтын өндіріс іске қосылады

«Аlar Trade Agro Jaiq» ЖШС Батыс Қазақстан облысына инвестиция салу мәселесі талқыланып, Өңірлік кеңес отырысында ешкі сүті мен сүт өнімдерін өндіретін ферманың жобасы таныстырылды. Тайпақ ауылында бұрынғы Ақжайық колледжінің аумағында ферма ашу жоспарлануда. Бұл туралы Батыс қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған фермаға бұрынғы колледж ғимараттары беріліп, ауданы 1100 га жер учаскесі пайдаланылатын болады, өндіріске шамамен 1 млрд теңге қаражат салынады.

Ең алдымен заанен тұқымды 200 ешкі сатып алынады, өндіріс қуаты жылына 27 мың литр сүтті құрайды. Екінші кезеңде сүзбе, кілегей, май, ірімшік шығару және 3 жыл ішінде мал басын 1000-ға жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, колледж базасында қарбыздан өнім жасайтын өндірісті салу  жоспарлануда.

Тақырыпқа байланысты оқу: «Зеренді» ешкілерінің нарықтағы орны

Облыс әкімі Ғали Есқалиев аталған жобаны қолдау үшін «Аqjaiyq ӘКК» Акционерлік қоғамына қазіргі уақытта жұмыс істемей тоқтап тұрған бұрынғы Ақжайық колледжін сүт өнімдерін шығаратын компанияға беру мәселелерін пысықтауды тапсырды.