Армения Қазақстаннан ет импортын шектеді
Арменияның азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі инспекциялық органы 17 қаңтардан бастап Қазақстан мен Ресейден еттің, ет өнімдерінің және шикізаттың кейбір түрлерінің импортын шектеді. Бұл туралы ведомствоның сайты хабарлады.
Шектеулер Қазақстанның солтүстік аймақтарында ірі қара малдағы аусыл симптомдарының таралу жағдайларына, сондай-ақ Ресейдің Орынбор облысында аурудың тіркелген жағдайларына байланысты енгізілгені атап өтіледі.
Уақытша тыйым ірі қара және ұсақ малдың етіне, шошқа етіне, аусылға сезімтал жабайы жануарлардың, түйелер мен түйе тектестердің (лама, альпака, вигонь) етіне, хайуанаттар бағы мен цирк жануарларының барлық түрлеріне, ұрықтандырушы бұқалардың тұқымдық сұйықтығына, қабандарға, қойларға, ешкілерге, ІҚМ мен шошқалардың эмбриондарына, сүт және сүт өнімдеріне, ірі және ұсақ қара малдан алынған ет пен ет өнімдеріне қолданылады.
Тақырып бойынша оқу: ҚР мен РФ мал мен ет әкелуге өзара шектеулер енгізді
Аусылға сезімтал малдан алынған шикізат, тері, ішек, қыл (шошқа) да шектеуге түседі.
Сонымен қатар, тыйым аусылға сезімтал жануарлардан алынған жемшөптер мен жемшөп қоспаларына (иттерге, мысықтарға, аквариум мен террариум жануарларына, сәндік құстарға, кеміргіштерге, сусар тәрізді жануарларға арналған термиялық өңдеуден өткен жемдер мен жемшөп қоспаларын қоспағанда), өсімдік тектес жемдер мен жемшөп қоспаларына қолданылады.
Естеріңізге сала кетейік: Қарағанды облысы Шет ауданы Киікті ауылдық округінің Талдыбұлақ қыстағындағы "Мұрат" фермерлік шаруашылығында ірі қара малда аусыл ауруының қоздырғышы анықталған болатын. 2022 жылдың 14 қаңтарында ферма аумағында карантин жарияланды. Инфекция ошағында малды қансыз әдіспен жою жүргізіледі, одан кейін ауру және олармен жанасатын жануарларды өртейді. Мал иелеріне өтемақы төленеді.