14:39 Элеваторлар

Қазақстанда элеваторлардың астықты қабылдауға дайын болмауына айыппұл салынады

Қазақстанда астық қабылдау кәсіпорындарын (АҚК) жаңа егіннің астығын қабылдауға дайындығы тұрғысынан жыл сайынғы тексеру енгізіледі. Сондай-ақ, АҚК біліктілік талаптарына сәйкес келмегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа талаптарды енгізу бойынша құжаттардың жобаларын әзірледі. Оларға сәйкес астық қабылдау кәсіпорындарына жыл сайынғы тексеру жүргізу 30 тамыздан кешіктірілмей жүзеге асырылатын болады. Тексерулер тек лицензияланған АҚК-да жүргізілетін болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі элеваторлардың алдын ала қабылдау сынақтарын жүргізу өндірістік нысандардың техникалық жағдайын, технологиялық жабдықтардың, зертханалық нысандардың, өлшеу құралдарының дайындығын және білікті мамандардың болуын бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұл ретте АҚК тексеруден өту үшін жабдық сатып алудың немесе технологияларды өзгертудің қажеті жоқ

«АҚК-ын тексеру тәртібі біліктілік талаптарына сәйкестігі және астықты қабылдауға дайындығы тұрғысынан комиссиялық тексеруді көздейді. Зерттеу процедурасы стандартты әкімшілік процедура болып табылады және арнайы цифрлық жүйелерді пайдалануды немесе қосымша кезеңдерден өтуді қажет етпейді. Кәсіпкерлік субъектісі ғимараттарға, жабдықтарға және құжаттамаға қол жеткізуді қамтамасыз етеді, содан кейін АҚК тексеру туралы есеп дайындалып, нысан бойынша беріледі», - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігінде.

Осылайша, ведомствода атап өткендей, астық қабылдау кәсіпорындарына жаңа талаптар қойылмайды. Олар айыппұлды болдырмау үшін біліктілік талаптары мен астықты қабылдауға дайындық бойынша бұрыннан бар міндеттерді орындауы керек.

«Тәжірибе көрсеткендей, әкімшілік жауапкершіліктің (айыппұл санкцияларының) болуы ғана белгіленген талаптарды сақтау үшін пәрменді ынталандыру болып табылады. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 401-бабында тиісті өзгерістер бекітілмей, астық қабылдау кәсіпорындарының қызметі саласында мемлекеттік бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсаттарына қол жеткізу қиынға соғады», - делінген құжатта.