Қазақстанда бидай бағасы қалыпты өсіп келеді
Қазақстанда бидай бағасы ішкі және экспорттық нарықта бірқалыпты өсіп келеді. Бұған теміржол тарифтерінің қымбаттауы және теңгенің айтарлықтай нығаюы әсер етіп отыр. Сонымен қатар Ресей бидайының Қазақстан және Орталық Азия елдерінің нарығына жеткізілуі көлемнің шектеулі болуына байланысты бағаға әсер етпейді. Бұл туралы Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов мәлімдеді.
Сарапшының ақпараты бойынша, өткен аптада ішкі нарықта 28-29 және 30+ желімшесі бар 3-сыныпты бидайды қоспағанда, бидайдың барлық номенклатурасының бағасы тоннасына 1 мың теңгеге өсті. Ішкі нарықтағы бағаның өсуіне ұсыныстың шектеулі болуы және сатып алушылар сұранысының тұрақты сақталуы әсер етіп отыр.
«Фермерлер бағаның одан әрі өсуін күтіп, астықты сатуға асықпай отыр», — деді Евгений Карабанов.
Ішкі нарықта арпаның бағасы өзгерген жоқ. Бұл дақылға сұраныс әлі де шектеулі.
Бидайдың экспорттық бағасы да бір апта ішінде өсті. Евгений Карабановтың айтуынша, астық жөнелту қарқыны жеткілікті жоғары болғанымен, тиеу және түсіру станцияларындағы вагондардың тұрып қалуына байланысты вагон тапшылығы байқалады.
Арпаның экспорттық бағасы Өзбекстан мен Иран бағытында бір аптада тоннасына 5 долларға өсті. Қытай бағыты бойынша баға өзгерген жоқ.
«Арпа экспорты Қытай мен Орталық Азия елдеріне қарай жанданып келеді. Иран бағыты бойынша арпа экспорты әлі де тоқырау жағдайында. Бос кемелердің өткір тапшылығына байланысты бір апта ішінде Ақтаудан Иранның солтүстік порттарына дейінгі фрахт құны тоннасына 22 долларға қымбаттап, 95–96 долларға жетті. Ал Астраханьнан тасымалдау құны 7 долларға өсіп, 120–122 доллар болды. Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, Иранның солтүстік порттары бағытында кемелерге сұраныс артып, жүк жөнелту қарқыны күшейіп келеді. Негізінен арпа мен жүгері тасымалдануда. Бұған Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының шектелуі де себеп болып отыр. Бұған дейін Иранға импорттық жүгері мен арпаның негізгі көлемі Парсы шығанағындағы порттар арқылы жеткізілетін», — деді Евгений Карабанов.
Қазақстанның Астық одағының Талдау комитетінің мәліметінше, 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында астық дақылдарының бағасы (EXW — элеватор жағдайында, теңге/тонна, 16% ҚҚС-ты қоса алғанда) мынадай болды:
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 23–24%) — 89–93 мың теңге/тонна (+1 мың);
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 25–26%) — 91–95 мың (+1 мың);
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 27%) — 96–100 мың (+1 мың);
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 28–29%) — 100–105 мың (0);
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 30%-дан жоғары) — 106–110 мың (0);
- 4-сыныпты бидай — 86–89 мың (+1 мың);
- 5-сыныпты бидай — 82–86 мың (+1 мың);
- жемдік арпа — 66–70 мың (0).
Экспорттық бағалар (USD/тонна):
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 23–24%) — 265-270 DAP Сарыағаш (+7);
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 25–26%) — 267-272 DAP Сарыағаш (+7)
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 27%) — 269-274 DAP Сарыағаш (+6);
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 28–29%) — 282-287 DAP Сарыағаш (+6);
- 3-сыныпты бидай (желімшесі 30%-дан жоғары) — 295-300 DAP Сарыағаш (+8);
- 4-сыныпты бидай — 255-260 DAP Сарыағаш (+7);
- 5-сыныпты бидай — 245-250 DAP Сарыағаш (+7);
- арпа — 200-205 DAP Сарыағаш (+5);
- арпа — 205-210 FOB Ақтау (+5);
- арпа — 205–210 DAP Достық/Алтынкөл (0);
- бидай-арпа жем қоспасы (жемдік ұн), протеин 12%-дан жоғары — 250–255 DAP Алашанькоу/Қорғас (0).