15:35 Элеваторлар

Жетісуда күздік бидай жинау басталды

Жетісу облысының аграршылары күздік бидайды жинауға кірісті. Өңірде барлығы 65,8 мың гектар алқаптан күздік дәнді дақылдарды жинау керек, деп облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кербұлақ ауданындағы шаруашылықтар алғашқы болып егін жинау науқанын бастады. Атап айтқанда, «Архарлы» ЖШС егістіктерінде жұмыстар жүріп жатыр.

«Біз бидай, арпа және мақсары өсіруге маманданамыз. Күздік бидай 850 га құрайды, оның ішінде 300 га жиналды. Орташа өнімділігі – 15 ц/га. Үш комбайн, сонымен қатар астықты жедел тасымалдау үшін пайдаланатын үш жүк көлігі бар. Жиналған астықты Алматыдағы диірмен кешеніне тікелей жеткіземіз, онда одан ұн дайындалады. Сондай-ақ олардың жеке наубайханасы бар, дайын өнім халық үшін сөрелерге түседі. Жалпы, егін жинау жоспар бойынша жүріп жатыр, өсімдік шаруашылығын қолдау бойынша субсидиялар жақсы көмек болып табылады», - деді «Архарлы» ЖШС басшысы Төлеген Есембеков.

Кербұлақ ауданында ағымдағы жылы 27 мың гектардан астам күздік дақылдарды жинау жоспарланған.

«Ауданда дәнді дақылдарды егу алаңы 95,2 мың га құрайды. Оның ішінде 27 мың гектардан астамы – күздік бидай, 68 мың гектары – жаздық бидай. Майлы дақылдарға 7,1 мың га бөлінген. Бүгінгі таңда 1,9 мың га егіс алқабы жиналды, 2,8 мың тонна өнім жиналды. Жалпы 404 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 242 комбайн, 58 астық тиегіш, 31 дәнатқы және басқа да қажетті жабдықтар жұмылдырылды», - деді Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Бақыткелді Қабидолда.

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің жалпы ауданы 511,8 мың га құрады. Қазіргі уақытта қант қызылшасы, соя және дәнді жүгері алқаптарын пестицидтермен өңдеу жүріп жатыр - қазірдің өзінде 127,1 мың га өңделген. Сонымен қатар, 107,6 мың гектар алқапқа тыңайтқыштар себілді және бұл жұмыс жалғасуда.