Қазақстанда 373 мың тонна бидай экспортына квота берілді
Қазақстанда 30 мамыр күні таңертеңгі деректер бойынша 373 мың 121,2 тонна бидай мен меслинді және 196 мың 656 тонна көлемінде бидай немесе қара бидай ұнын шығаруға квоталар берілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК мемлекеттік инспекция Комитеті хабарлады.
Осы өнімнің экспортын шектеу ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін қолданылады. Бүгінгі таңда квота бойынша қалдық: 626 мың 878,8 тонна бидай және 103 мың 344 тонна ұн.
Естеріңізге сала кетейік, астық экспортына квота алу үшін Азық-түлік корпорациясын 116 мың теңге/тонна тіркелген бағамен экспорттауға мәлімделген көлемнің 10% сату қажет. Бүгінгі таңда Азық-түлік корпорациясына 58 мың 921,643 тонна Triticum aestivum L. 3 класты бидай жөнелтілді.
Квоталар көлемдерін бөлу фитосанитариялық сертификаттар берілген кезде автоматты түрде агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың e-Agriculture бірыңғай автоматтандырылған жүйесінде (БАБЖ АЖ) жүзеге асырылады. Бір өтінім берушіге экспортқа рұқсат етілген лимит: бидай бойынша 50 мың тонна, ұн бойынша – 10 мың тонна.
Өтініш берушілер арасында квоталарды бөлу көлемі толық таусылғанға дейін жүзеге асырылатын болады, содан кейін уәкілетті орган фитосанитариялық сертификатты беруден бас тартады.