Тоқаев ЕАЭО елдеріне тауар жеткізудің ортақ желісін құруды ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев видеоконференция арқылы өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында көтерме сатылым орталықтары бар елдерде тауарларды тарату желісін құру туралы сөз қозғады, осы тәжірибені одақтың басқа да елдеріне қолдануды ұсынды. Бұл ақпаратты Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Өз сөзінде Тоқаев әріптестерінің назарын ЕАЭО аясында көліктік-логистикалық қызметті дамыту қажеттілігіне аударды.
«Біздің еліміз қазірден бастап 2022 жылға қарай 24 тауарларды жан-жаққа тарату үшін көтерме сату орталықтарының жүйесін құруға кірісті. Бұл шамамен 5 миллион тонна ауылшаруашылық өнімдерін сақтауға, өңдеуге және таратуға мүмкіндік береді. Мен Одаққа кіретін елдермен бірыңғай дистрибьютерлік желіні құру мүмкіндігін жасауды ұсынамын», — деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, ол пандемия кезінде салынған барлық шектеулер мен тосқауылдарды жоюдың жоспарын жасау керектігін айтты.
«Біздің денсаулық сақтау, санитарлық, ветеринарлық және бақылау саласындағы департаменттеріміз дағдарыстың салдарын ескеріп, бір жағынан азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, екінші жағынан, тауарларды кедергісіз жеткізетін тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін ұсынуы керек. Пандемиямен күресуде және шектеулерді алып тастағаннан кейін де, көлік органдарының, санитарлық қызметтердің, шекара ведомстволарының бірлесе келісілген түрде жұмыс істеуі маңызды болып табылады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Тоқаев аталған Одақ органдарының белгілі бір тауарға байланысты шығын көп кететін, қымбат болатын шешімдерін, мысалы, тауарлардың жекелеген топтарын міндетті түрде таңбалау жұмыстарын енгізуді кейінге қалдыруды ұсынды, өйткені бұл дағдарыс кезінде соншалықты қажетті іс емес екендігін айтты.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2022 жылға қарай 24 көтерме сауда орталықтарын (КСО) салу жоспарланып отыр. Олар тауарларды өндірушіден дүкен сөрелеріне дейін жеткізуді қамтамасыз ететін тарату желісі болады. Сондай-ақ, КСО жемістер мен көністерді ұзақ мерзімге сақтау, ЕАЭО, Орталық Азия мен Қытайда экспорттық-импорттық операцияларды жүргізуге мүмкіндік жасайды, бұл тауарларды жан-жаққа өткізу нарығын кеңейтеді.
Аталған көтерме сату орталықтарының желісі қатысушылардың арасындағы байланыстырушы жүйе болады және тауар өндірушілерді, өнімді сатушылар мен жеткізушілерді бір кластерге біріктіреді деп жоспарлануда.