Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының есеп беру кездесуі онлайн форматта өтеді
Коронавирустың таралуына байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың есеп беру кездесуі онлайн режимде өтетін болады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомстваның хабарлауы бойынша, Сапархан Омаровтың тұрғындар алдында есеп беруі 2020 жылдың 3 маусымында болады деп алдын ала жарияланған еді.
«Карантин режимін сақтау үшін министрдің есебі онлайн форматта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылады», — деп хабарлады ведомствода.
Есеп беруді тікелей эфирден «Хабар 24» телеарнасынан және Орталық коммуникациялар қызметі мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Facebook-тегі ресми парақшасынан көре аласыздар.
Сұрақтар мен ұсыныстарды 1 маусымға дейін 8 (7172) 55-57-65 телефоны арқылы немесе minagripress@gmail.com электрондық мекен-жайына жіберуге болады.
Қазақстанда бүгінгі күнге дейін коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 7234 адам болып тіркелді, 35 науқас қайтыс болды.