БҚДА-ны Марат Омаров басқарды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
"Омаров Марат Талғатұлы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылсын", - делінген құжатта.
Марат Омаров 1988 жылы дүниеге келген. 2010 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Британ Йорк университетін "Философия, саясаттану және экономика" мамандығы бойынша, 2011 жылы әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін бере отырып, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін (LSE) бітірген.
2012 жылдан 2014 жылға дейін Экономикалық даму және сауда, кейіннен - экономика және бюджеттік жоспарлау, ұлттық экономика министрінің кеңесшісі болды.
2014 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің тарифтік және институционалдық саясатты қалыптастыру департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
2016-2017 жылдары - "Қазақтелеком" АҚ Басқарушы директоры.
2017 жылдан 2019 жылға дейін "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ Басқарма төрағасы, трансформациядан кейін "QazTech Ventures" АҚ ("Бәйтерек "ҰБХ" АҚ құрылымына кіреді) басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.
2019 жылдан 2020 жылдың қазан айына дейін - "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі.
2020 жылғы қазанда осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
БҚДА-нің бұрынғы басшысы Серік Жұманғарин осы қызметтен босатылып, премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы болып тағайындалды.