Мәжіліс жайылым мәселелері жөніндегі заң жобасын жұмысқа алды
Бүгін Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жұмысқа алды. Ол бойынша қорытынды дайындаумен Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет айналысады.
Бүгін палатаның жалпы отырысында мәжілісмен Берік Оспанов хабарлағандай, заң жобасын Парламент депутаттары әзірледі. Құжатта Жер және Орман кодекстеріне, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, сондай-ақ жайылымдар туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
"Заң жобасының мақсаты жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Атап айтқанда, жайылымдарды пайдаланбағаны үшін шаралар күшейтілуде. Халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарының мазмұны мен қолданылу мерзімі өзгеруде", - деді Берік Оспанов.
Тақырып бойынша оқу: Қазақстанда жерді пайдалануды бақылау қызметі құрылады
Бұдан басқа, заң жобасында шалғайдағы жайылымдарды суландыруға және жайылымдарды түбегейлі және үстірт жақсартуды жүргізуге арналған шығындарды субсидиялау жолымен жайылымдарды пайдаланушыларды мемлекеттік қолдау жөніндегі нормалар көзделеді.