Ақтөбе облысында жайылым қорына 40 мың гектар жер резервке қойылады
Ақтөбе облысында соңғы үш жылда 1 млн 256 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Учаскелер ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді, деп облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қайтарылған жерлердің бір бөлігі ауыл шаруашылығы өндірісіне беріледі, ал екінші бөлігі елді мекендердің жайылым қорын кеңейту үшін сақталады. Ағымдағы жылы 30 мың гектар жерді қайта айналымға тарту және 40 мың гектарды жайылым қоры ретінде резервке қою жоспарлануда. Бұл шаралар ауылдық жерлердегі жайылым тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, егер 2024 жылы жекелеген аудандарда жайылымдардың тапшылығы 97 мың гектарды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 18,9 мың гектарға дейін төмендеді. Осылайша, тапшылық деңгейі 80,5%-ға қысқарды», — деді Ақтөбе облысы жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділбек Қабидуллин.
Оның мәліметінше, 2026 жылы 80 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 105 мың га қайтарылды, бұл жылдық жоспардың 131%-ын құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, өңірлердің әкімдіктеріне 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін бұрын қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға толық тартуды қамтамасыз ету тапсырылды. Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында ғана елімізде 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптары мемлекет меншігіне қайтарылды. Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды айналымға тарту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда жайылым тапшылығы 3,2 млн гектарға дейін қысқарды.