Қазақстандықтар табысының жартысын азық-түлікке жұмсайды
Қазақстандықтар тапқан табыстарының жартысын тамақ ішуге жұмсайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова мәлімдеді, деп жазады Liter.kz.
«Елімізде халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі міндет қалай орындалуда? Нақты ақшалай табыстар 5,5% -ға өсті. Алайда азаматтар тамақ алу үшін айлығының 50%-ын жұмсайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш шамамен 10%-ды құрайды. Тіпті Ресей мен Беларуссияда бұл көрсеткіштер азаматтар шығындарының үштен бір бөлігінен аспайды. Бұл мәліметтен нені көруге болады? Яғни елімізде халық табысының жартысы «жұмсалады», сондықтан да адамдардың жинайтын ақшаларын көбейтуге мүмкіндіктері жоқ», - деді Годунова.
Оның айтуынша, адамдар өмір сүру деңгейін жақсарту үшін несие ала бастайды.
«2019 жылы тұтынушылық несиелер өсімі халықтың атаулы ақшалай табысының өсімінен 15%-ға озып кетті. Ал елде қарыз алу-несиенің көп болуы әлеуметтік мәселелердің алғышарттары болып табылады. Мемлекеттің жасап жатқан қолдауына қарамастан, соңғы бес жыл ішінде банк секторының ел экономикасындағы рөлі төмендеп келеді», - деп атап өтті Есеп комитетінің басшысы.
Сонымен бірге, өткен жылы макроэкономикалық тұрақтылық көрсеткіштері Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 60 орында тұрып, жақсарғанын көрсетті. Алайда, мұнайға тәуелділіктің төмендеу үрдісіне қол жеткізілген жоқ. Соңғы 10 жыл ішінде өңдеу секторының үлесі 11% -дан аспайды. Экспорт құрылымында минералды өнімдер 70% -дан асты.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың соңғы бес айында азық-түлік бағасы 6,8%-ға қымбаттады. Көкөністер 22,4%, жемістер - 18,3%, қант - 12,1%, жарма - 10,6%, қой еті - 8,6%-ға қымбаттады.