Алматы облысында Есік көлінің суы азайғандықтан егістік жерлерді суару шектеулі

Алматы облысындағы Есік көліндегі судың деңгейі төмендеді, себебі қыста жауын-шашын мөлшері аз болды, ал кейінгі кездері тау мұздықтарында температура төмен болып тұр. Бұл туралы көлге барған облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел айтты.

«Есік көлінің суы Іле Алатауындағы мұздықтардың еруіне тікелей байланысты. Есік көліне судың аз түсуінің себебі - 2019-2020 жылы   қыс мезгілінде  тауға қар аз жауып, мұздықтар жеткілікті мөлшерде жиналмаған. Сонымен қатар мұздықтардың еруіне ықпал ететін температураның болмауы», - деп жазды Ғ.Жукел Facebook-тегі парақшасында.

Аталған су көзі Есік қаласының тұрғындары, саяжай халқы үшін ауыз су ретінде пайдаланылады, сонымен қатар сол маңдағы  ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары үшін егінді суару көзі болып табылатындығын атап өтті. Су ағысының азаюына байланысты ауыз сумен қамтамасыз ету бірінші кезекте жүзеге асырылады, қалғаны суаруға жіберіледі.

«Есік көлінен су «Гидросервис» -ке жиналады, содан соң ол Көктөбе, Бөлек, Рахат ауылдық округтерінің ауылшаруашылық жерлерін және Есік қаласына жақын орналасқан саяжай учаскелерін сумен қамтамасыз ету үшін таратылады. Ауылшаруашылық жерлерін суару ауданы 5500 га құрайды. Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік көліне құйылған су секундына 4 текше метрді құрайды, оның ішінде секундына 3,6 текше метр суаруға жіберіледі (сұраныс секундына 7-8 текше метр), суаруға арналған судың жетіспеуі секундына  - 3,5 - 4 текше метр», - деді баспасөз хатшысы.

Қазіргі таңда бау-бақшаны суаруға судың жетіспеуіне байланысты тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, суармалы судың нақты мөлшеріне сүйене отырып, шаруа қожалықтарына суару кестесі құрылғанын айтты. Суарға жұмсалатын судың көлемін арттыру мақсатында Есік өзенінің бойында орналасқан төрт су электр станциясының жұмысы тоқтатылды.

Ғалымұрат Жукелдің айтуынша, мамыр айында «Қазселезащита» тау мұздықтарының жай-күйіне әуе арқылы барлау жүргізген, алайда тау басында еритін мұздықтардың көп еместігі  анықталған. Мерзімді түрде су ағынының деңгейін әкімдік қызметкерлері, гидроэлектростанция өкілдері және «Гидросервис» ЖШС қызметкерлері тексеріп отырады.

 

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.